Алматы - Бішкек автожолында жол-көлік оқиғасынан 4 адам қайтыс болды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Полиция жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 28 мамыр сағат 18:00 шамасында Алматы - Бішкек автожолының 44 шақырымында болған.
Түркістан облысының 39 жастағы тұрғыны басқарып келе жатқан КамАЗ маркалы жүк көлігінің тіркемесі жолда ажырап кеткен.
Ажырап кеткен тіркеме қарсы қозғалыс жолағына шығып, Geely көлігімен, одан кейін KIA Sportage көлігімен соқтығысқан. Оқиға орнында төрт адам қаза тапты, оның ішінде Geely жүргізушісі де бар. Қазір жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себебі анықталады, - деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жасөспірім басқарған көлік ағашқа соқтығысып, 3 оқушы мерт болғанын жазғанбыз.