Алматы бюджетінен үнемделген қаржы әлеуметтік салаға жұмсалады

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс XI сессиясында депутаттар Алматының 2023 жылға арналған нақтыланған бюджетін бекітті. Үнемделген 24 млрд теңге әлеуметтік салаға жұмсалатын болды, деп хабарлайды Kazinform

бюджет
Фото: Kazinform

Қала мәслихатынан мәлім еткендей, күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі — Алматы қаласының 2023-2025 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу болды.

«Биыл үнемделген 24 млрд теңге көлеміндегі қаражатты әлеуметтік маңызды жобалар мен іс-шараларға бағыттау туралы шешім қабылданды. Қаражат бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасында қаражатты қайта бөлу және мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде үнемдеу есебінен қалыптастырылды», — деп хабарлады мәслихаттан.

Әлеуметтік салаға 6,1 млрд теңге бөлу жоспарда. Оның ішінде 1,3 млрд теңгеден — 8 мемлекеттік колледжді ағымдағы жөндеуге, сондай-ақ екі колледжді материалдық-техникалық жарақтандыруға бағытталған.

Тағы 1,3 млрд теңге Үлкен концерт залындағы жабдықтарды ауыстыруға және Оқушылар сарайының балалар музыка мектебіне арналған жабдықтарды сатып алуға бөлінеді.

Биыл Бостандық ауданындағы «Орбита» шағын ауданындағы № 145 мектеп ғимаратын сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда, оған 145,6 млн теңге бөлінді.

Денсаулық сақтау саласына 1,2 млрд теңге қарастырылған. Ашылған сәттен бастап алғаш рет мына медициналық мекемелер бойынша: № 4 емхана (екі бөлімше), Балалар үйі, Адамның көбею орталығы, бюджеттен күрделі жөндеу жүргізуге 600 млн теңге бөлінеді.

Құрылысы аяқталуға жақын «Қарасу» шағынауданындағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның жобасына 72,9 млн теңге жоспарланған.

ТКШ саласына 3,8 млрд теңге қарастырылған. Наурызбай ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлерге инженерлік желілерді жүргізуге 1,5 млрд теңге бөлінді. Жұмыстар 2023 жылдың соңына дейін аяқталады.

Алматы әкімінің ұсынысы бойынша «Алматы жастары» бағдарламасын қолдау жалғасып жатыр. Бюджеттен түрлі қызмет саласының жас қызметкерлері үшін 55 ипотекалық қарызға қосымша 965 млн теңге бөлінді.

Биыл 7 мың тұтынушыны үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін «Қайрат» ш/а электр желілерінің құрылысы аяқталуда. Бұл жоба 1,2 млрд теңге көлемінде инвестицияларды талап етеді.

Көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға 6,2 млрд теңге қарастырылған.

Субсидия жүйесі арқылы әлеуметтік маңызы бар маршруттар бойынша жолаушылар тасымалын қолдауға 4,7 млрд теңге бөлу ұсынылады.

Ұлттық жоба аясында Алматыда кәсіпкерлікті қолдау үшін 1,5 млрд теңге бөлу жоспарланған. 

Бұл қаражат кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға және кәсіпкерлердің дамуы мен тұрақты табысына ықпал ететін жаңа бизнес-идеялар үшін инновациялық грант беруге бағытталады.

Соңғы жаңалықтар