Алматы хайуанаттар бағына 86 жыл толды

86 жыл ішінде Алматы зообағы түрлі кезеңдерді, атап айтқанда, алғаш құрылған кездегі қиындықтар мен құлдырау кезеңін, сондай-ақ, қалыптасу кезеңін басынан өткерді, деп хабарлайды Kazinform

Шымкент зообағына Мәскеу театрында өнер көрсеткен сусиыр жеткізілді
Фото: pixabay.com

Алматы хайуанаттар бағы әлеуметтік желіде зообақтың бүгінгі күні заман талабына сай көркейіп, дамыған, алдына үлкен мақсаттар қойған мәдени, ғылыми мекемеге айналғанын жазды. Сондай-ақ, бүгінге дейін жасалған жұмыстар мен алдағы жоспарымен бөлісті.

«Қазіргі уақытта Алматы хайуанаттар бағында жануарлар үшін қолайлы жағдайлар мен жаңа қоршаулар салынып, зообақ аумағы аббаттандырылды. Арыстан, қасқыр, аю сияқты жануарларға жаңа вольерлер салынды. Көлшіктер күрделі жөндеуден өтті. Жем-шөп, қорек қоймасы мен жеміс-жидек сақтайтын қойма құрылысын бастадық. Жылдың соңына дейін қар барысы мен сілеусіндерге арналған кең, үлкен қоршау құрылысын салу бойынша жобалық-сметалық жұмыстар аяқталады. 2024 жылы «Африка саваннасы» мен «Арктика» ірі жобаларын іске асыра бастаймыз. Сонымен қатар, сусиыр, керік, зебра, ақ аю, поляр қасқыры сияқты көптеген жануарлардың қоршаулары мен тұрақтарын жақсарту жұмыстары іске асады», - деп жазды зообақ ұжымы.

Алматы хайуанаттар бағы сондай-ақ жоспар бойынша жыртқыш құстардың, маймылдардың тұрақтарына күрделі жөндеулер жүргізіліп, ветеринарлық бөлім мен Жануарларды табиғатқа жіберу (реинтродукция) орталығының құрылысы басталатынын хабарлады.

«Жануарларымызға қажетті жағдай жасау бойынша жоспарымыз көп. Бүгінгі зообақ туған күніне орай сіздерден құттықтаулар қабылдаймыз», - делінеді зообақтың хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар