Алматы хайуанаттар бағында әйел арыстанға тас лақтырған

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы хайуанаттар бағында келушілердің бірі арыстанға тас лақтырған. Бұл туралы зообақтың баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы зообағы пайдаланылған шыршаларды қабылдай бастады
Фото: Алматы әкімдігі

Оқиға кезінде келуші жануардың назарын аудармақ болып, оған тас лақтырған.

Зообақ әкімшілігі мұндай әрекеттердің келушілер үшін белгіленген ережелерге қайшы келетінін еске салды.

— Жануарларға қандай да бір зат лақтыруға, қоршауларды қағуға, оларды әдейі мазалауға немесе үркітуге қатаң тыйым салынады. Мұндай әрекеттер жануарларға күйзеліс тудырып, денсаулығына кесірін тигізуі мүмкін, — делінген хабарламада.

Оқиғадан кейін хайуанаттар бағының әкімшілігі бейнебақылау камераларындағы жазбаларды жинап, материалдарды құқық қорғау органдарына жолдаған. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр.

Зообақ өкілдері келушілерді жануарларға құрметпен қарап, белгіленген тәртіп ережелерін сақтауға үндеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы зообағында бірнеше нысан жанып кеткенін хабарлағанбыз.