Алматы хайуанаттар бағында маралдардың екі төлі дүниеге келді
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Алматы хайуанаттар бағындағы маралдар әулеті екі бірдей төлмен толықты.
Алғашқы марал төлі 2026 жылғы 7 маусымда дүниеге келді. Оған Маралтай деген есім берілді. Оның әкесі — Түркістан, анасы — Алатау.
Ал 10 қыркүйекте дүниеге келген екінші марал төліне Мұқан есімі берілді, оның әкесі — Сарайшық, анасы — Чита.
Қазіргі уақытта екі төлдің де жағдайы жақсы. Маралтай мен Мұқан өз енелерінің жанында өсіп келеді. Хайуанаттар бағының мамандары төлдердің денсаулығын, дамуын және қоректенуін күнделікті бақылауда ұстап, оларға қажетті күтім жасап жатыр.
— Маралдардың дүниеге келуі — біздің ұжым үшін үлкен қуаныш. Әрбір төлдің дені сау болып өсуі — мамандар үшін басты міндет. Қазіргі таңда Маралтай мен Мұқан толықтай мамандардың қарауында. Олардың жағдайы күнделікті бақылауда, қажетті күтім мен ветеринариялық бақылау жүргізіліп отырады. Төлдер өз енелерінің жанында өсіп, табиғи мінез-құлықтарын қалыптастырып жатыр, — деді Алматы хайуанаттар бағының тұяқты жануарлар бөлімінің басшысы Нұртай Сәрсенбаев.
Зообақтың хабарлауынша, маралдардың көбеюі — Алматы хайуанаттар бағындағы жануарларды сақтау және көбейту бағытындағы жұмыстардың маңызды нәтижелерінің бірі. Жануарларға қолайлы жағдай жасау, олардың денсаулығын бақылау және табиғи ерекшеліктеріне сай күтім көрсету — хайуанаттар бағы мамандарының күнделікті жұмысының негізгі бағыттарының бірі.
Хайуанаттар бағы қала тұрғындары мен қонақтарын жаңа кішкентай тұрғындармен танысып, олардың үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамдарын тамашалауға шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Алматы зообағында шайқағыш жанаттар кейінгі 20 жылда алғаш рет төлдегенін жазғанбыз.