Алматы ХҚКО-ларында ең танымал қызмет түрлері қандай

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Халыққа қызмет көрсету орталықтары азаматтарға 1 миллион 400 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. 

Алматы ХҚКО-ларында ең танымал қызмет түрлері қандай
Фото: Азаматтарға арналған үкімет

«Азаматтарға арналған үкіметі» мемлекеттік корпорациясы Алматы филиалының мәліметінше, алматылықтар арасында ең сұранысқа ие қызмет — көлік құралдарын тіркеу және қайта тіркеу. Бұл қызмет түріне 500 мыңға жуық алматылық жүгініп, өз көлігін тіркеуден өткізген. Екінші орында — жеке куәлік пен төлқұжаттарды рәсімдеу қызметі, 266 мың қала тұрғыны бұл құжаттарды алған.

— Сондай-ақ жүргізуші куәліктерін алу және ауыстыру қызметтері де сұранысқа ие. Бұл қызмет түріне жыл басынан бері 92 мың адам жүгінген екен. Ол көлік жүргізу құқығын алғаш рет алғандар үшін де, құжатын жаңартқысы келетін жүргізушілер үшін де маңызды, — деп хабарлады корпорациясының Алматы филиалы.

Ал әлеуметтік сала бойынша 165111 қызмет алынған. Бұл бағытта азаматтар жәрдемақылар мен төлемдерді рәсімдеуден бастап, түрлі әлеуметтік жеңілдіктер алуға дейін жиі өтініш береді.

Көп қолданылатын тағы бір қызмет — электрондық цифрлық қолтаңба беру. Бұл қызметті 158 мыңнан аса азамат халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда азаматтарды сенбі күні қабылдайтын кезекші ХҚКО-лар ауысты.

Соңғы жаңалықтар