Алматы қала құрылысының бұрынғы басшысы кінәлі деп танылса, Досаев қызметінен кете ме
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімі Ерболат Досаев қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджановтың қылмысы дәлелденсе, қызметінен кетуге дайын ба?

Әкімнің Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуінде журналистердің бірі Алмасхан Ахмеджановқа қатысты негізгі сот процесі басталғанын еске салды.
«Сотта бұрынғы басқарма басшысына қатысты 150 беттен асатын айыптау актісі оқылды. Онда қандай бұзушылықтарға жол берілгені туралы айтылған. Бұл сіз қызметте болған кезде болды», – деді БАҚ өкілі.
Қала әкімі жүйелі мәселелердің бар екенін мойындап, әкімдік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және экономикалық тергеу департаментімен бірлесе отырып, алдын алу шаралары аясында аталған проблеманы анықтап, жою жұмыстарын жүргізгенін баса айтты.
«Туындаған мәселелер бойынша кім қандай жауапкершілікке тартылады деген сауалға келетін болсақ, құзырлы құқық қорғау органдары заңнамалық нормаға сәйкес шешеді», - деді Ерболат Досаев.
Әкім қарамағындағы қызметкер, қала құрылысының бұрынғы басшысын сот кінәлі деп тапса, қызметінен кете ме? деген сауалға да жауап берді.
«Жоқ, қылмыстық іс қозғалған кезде ол менің қарамағымда болған жоқ», - деп жауап берді Досаев.
Айта кетейік, 4 қыркүйек күні Алматыда қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысына қатысты басты сот отырысы басталған еді. Онда айыпталушы Алмасхан Ахмеджановтан бөлек, тағы бес адам отыр, олардың арасында Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов те бар.
Еске салайық, былтыр шілде айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысын ұстағаны белгілі болды.
Ведомствоның мәліметінше, шенеунік жер телімдерін беру және нысандардың құрылысына рұқсат беру кезінде қызметтік өкілеттерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.
Мәселен, ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен.
Нәтижесінде мемлекетке 307 млн теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келді.
Осыған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев өзінің отставкаға кетуін талап еткен петицияға қатысты сұраққа жауап берген еді.