Алматы қаласы әкімінің орынбасары тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен және ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Алматы қаласы әкімінің орынбасары лауазымына Олжас Смағұлов тағайындалды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Олжас Мұхтарұлы Американдық халықаралық университетін, Калифорния штаты Помона политехникалық университетін, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін және Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебін тәмамдаған. Экономика, мемлекеттік саясат және басқару салаларында магистр дәрежесі бар.
Еңбек жолын 2013 жылы Атырау облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық және ақпараттық-талдау бөлімінің бас маманы қызметінен бастаған.
Әр жылдары Атырау облысының Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасында басшылық қызметтер атқарды. Премьер-министр Кеңсесінің әлеуметтік-экономикалық бөлімінің бас сарапшысы болды.
2015–2019 жылдар аралығында Ақтөбе облысында бірнеше басшылық қызметте жұмыс істеді.
2019–2021 жылдары Премьер-министр Кеңсесі басшысының орынбасары, Премьер-министрдің кеңесшісі қызметтерін атқарды.
2021 жылы қарашадан бастап осы уақытқа дейін Президент Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінде болды.
Бұған дейін Қорғаныс министрінің орынбасары тағайындалғанын жазған едік.