Алматы қаласы мен облысында базарларды жаңғырту жұмысы қалай жүріп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласы мен облысында сауда базарларын жаңғырту жөніндегі Жол картасына сәйкес, 20 сауда орны жөндеуден өтуі қажет. 

крупы, базар, чай, орехи, курага, изюм, базар в Ташкенте
Фото: Максат Шагырбаев / Kazinform

Бұл туралы агенттік сауалына жауап берген Сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Ведомство мәліметінше, былтыр Алматы қаласында 10 базарда жаңғырту жұмыстары басталуы қажет еді. Алайда «Тұлпар» және «Азия» базарлары функционалдық мақсаттарының өзгеруіне байланысты Жол картасынан алып тасталған. Ал «Батыр», «Саудакент», «Таусамалы», «Береке», «Жібек жолы», «Арыстан» базарлары бойынша жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Сондай-ақ бекітілген Жол картасы аясында Алматы облысында 10 базарды жаңғырту жоспарланған. Олар: «Алтын Орда», «Айша Сити», «Айша», «Алға», «Тауип», «Сұлтан», «Тоғжан», «ТалгарТехСтрой», «ЖерАна», «Орталық». Ведомство өңірде базарларды жаңғырту жөніндегі бірқатар жобалар бойынша бекітілген кестеден артта қалғандар бар екенін жоққа шығармады. Сондықтан барлық жұмыстарды толық аяқтау 2026 жылдың бірінші және екінші жартысына белгіленген.

— Министрлік тұрақты негізде барлық өңірде көшпелі іс-шаралар, сондай-ақ әкімдіктермен, мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен кеңестер өткізіп келеді. Мониторинг нәтижелері бойынша жекелеген әкімдіктердің атына бақылауды күшейту қажеттігі көрсетілген хаттар жолданды, — делінген министрлік жауабында.

Базарларға арналған цифрлық жүйе

Елімізде базарлардың келбетін реттеп, олардың жаңартумен қатар, сауда орталықтарындағы көлеңкелі экономиканың үлесін азайту жұмысы да қолға алынған. Осы орайда, Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында «Алтын Орда» базарының ақша айналымын қадағалайтын «Digital Базар» пилоттық жобасын енгізілетінін айтты.

Сауда және интеграция министрлігі «Digital Базар» жобасына Алматы қаласының 5 базары қатысып, 5 000-нан астам кәсіпкерді қамтылғанын хабарлады. Алайда олардың қатарында «Алтын Орда» базары болмаған.

— «Digital Базар» пилоттық жобасы 2024 жылдың қараша айында Алматы қаласында шағын және орта бизнес субъектілері үшін сауда базарларын цифрландыру мен негізгі процестерді жеңілдету мақсатында іске қосылды. 2024 жылдың 31 желтоқсанында пилоттық кезең сәтті аяқталды, — деп хабарлады министрліктен.

Ведомство мәліметінше, пилоттық жоба қорытындысы негізінде «Halyk Bank» АҚ «re: Kassa» ЖШС-мен бірлесіп келесі кезеңге — базарлар мен сауда орталықтарында тұрақты негізде енгізілетін масштабты цифрлық шешім re: Sauda құруға кіріскен.

— Цифрлық шешімдерді барлық базар мен сауда орталықтарына енгізу жоспарланған re: Sauda — бұл re: Kassa экожүйесіне негізделген бірыңғай цифрлық кабинет. Ол кәсіпкерлерді, сауда орталықтары мен базарлардың әкімшілігін, сондай-ақ мемлекеттік органдарды бір ашық және технологиялық контурда біріктіреді. Жоба үш негізгі міндетті шешеді: бизнестің заңдылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сауда алаңдарының басқарушылығын арттыру және егжей-тегжейлі экономикалық аналитика қалыптастыру, — деп түсіндірді министрліктен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жаңармаған базарлардың жұмысы тоқтайтынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар