Тоғыз адам Алматы қаласының құрметті азаматы атанды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Мегаполис тұрғындары дәстүр бойынша қыркүйектің үшінші жексенбісінде Қала күнін атап өтіп жатыр. Алматының әр жерінде мерекелік іс-шаралар – концерттер, көрмелер, флешмобтар, фестивальдер және басқа да көптеген шаралар ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шаралар Абай алаңында өткен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» атты отбасылық фестивальден басталып, қала әкімі Ерболат Досаев алматылықтарды құттықтады.
«Алматы әрқашан алдыңғы шепте болып, оң өзгерістердің жарқын үлгісі болуы керек, бұған бар күшімізді, білімімізді және тәжірибемізді жұмсаймыз. Алматыны әрбір адам өз үйіндей сезінетін жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыру – біздің қолымызда», – деді мегаполис басшысы.
Қала басшысы дәстүр бойынша қаланы дамытуға үлес қосқан азаматтарды «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағымен марапаттады.
Олардың қатарында көзі нашар көретін суретші Алексей Уткин, кескіндемеші Ерболат Төлепбай, композитор Ерұлан Қанафиянов, ақын Ұлықбек Есдәулет, техника ғылымдарының докторы Жұмабай Байнатов, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ахметжан Шардинов, Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнәр Нұрланова, құрметті ұшқыш Дмитрий Душимов және кәсіпкер, меценат Нұрлан Смағұлов бар.
Сонымен қатар, құрметті атақ Мемлекеттік қуыршақ театрына берілді.
Марапаттан кейін іс-шара «Алматы әуендері» шығармашылық ұжымдары мен солистерінің қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда қала күні тойланып жатқанын жазғанбыз.