Алматыда бір тәулікте қанша қар жауды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы көшелерінен 9 600 текше метр қар шығарылды.

Алматыда «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, бір тәулікте 18 см қар жауған. Бұл қаңтардағы норманың 31%-ына тең.
Түнгі уақытта көшелерді тазалау үшін 573 арнайы техника, сондай-ақ 711 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Қар шығаруға 203 самосвал тартылған. 23 қаңтар күні таңертең 9 600 текше метр қар қала сыртына шығарылды.

Ал күндізгі уақытта 475 бірлік арнайы техника мен 1 280 жол жұмысшысы жұмыс істеп жатыр.
— Шағын көлемді техниканың 95 бірлігін пайдалана отырып, тротуарларды, қоғамдық кеңістіктерді және әлеуметтік маңызы бар объектілерге кіреберістерді механикаландырылған тазалау жүргізіледі. Аудан әкімдіктерінде қар тазалау жұмыстарын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, — деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда қалың қар жауғанын жазғанбыз.