Алматыда қар борап тұр: тазалау жұмыстарына 600 техника жұмылдырылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда коммуналдық қызмет көше қарын күреуге кірісті.

Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановтың айтуынша, қаланың коммуналдық қызметі көшелерді, жолдар мен тротуарларды қардан тазалауға кірісті. Қар күреу жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі.

– Бүгін сағат 9:00-де қалада және таулы аудандарда қар жауа бастады. Қар екі тәулік жауады деген болжам бар. Таңертеңнен бастап коммуналдық қызмет көшелерге көктайғаққа қарсы арнайы қоспалар сеуіп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Негізгі жұмыс қар күрелген соң басталады. Біз магистралды және орталық көшелерге қарды үйген соң оны шығаруға кірісеміз, – деді Алматы әкімінің орынбасары.
Қазгидрометтің мәліметінше, 23-24 қаңтарда Алматыда ауа температурасы -15…-20 градусқа дейін төмендейді. Қазір жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. 950 тонна көктайғаққа қарсы материалдар және 60 м³ сұйық реагенттер пайдаланылды. Қауіпті жол учаскелерінде жолдың жағдайын бақылап отыратын 46 жедел топ жұмыс істеп жатыр.
Магистралды көшелерді қардан толық тазалау жұмысы 3 күнге, аудандық маңызы бар көшелерді тазалау 7 күнге созылады.
– Қазір жолдарда 600-ден астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр, күндізгі уақытта шамамен 1,5 мың адам жұмылдырылды. Жұмыс түнде де жалғасады, қар толық шығарылғанға дейін тоқтатылмайды. Тазалықты бақылау үшін аудан әкімдіктерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, – деді Бейбіт Шаханов.

Қала әкімінің орынбасары, коммуналдық қызметтің жұмысына түсіністікпен қарап, көмектесуді сұрады.
– Арнайы техниканың жұмысын қиындатпау үшін көліктерді жол жиектеріне қоймауларыңызды өтінеміз, – деді әкімнің орынбасары.
23 қаңтарда қар жауады, түнде температура -13…-15°C, күндіз -7…-9°C. 24 қаңтар күні көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз. Түнде -18…-20°C, күндіз -10…-12°C.
Осыған дейін Қазгидромет Қазақстанда 40 градус аяз болатынын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін 5 облыста ауа райының қолайсыздығына байланысты мектеп оқушылары онлайн оқытуға көшкенін хабарлаған едік.