Алматы көшелерінен 45 мың текше метр қар шығарылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр жатыр.

Мегополиске бүгін таңғы сағат 8:00-ден бастап толассыз қар жауып жатыр. Болжам бойынша кешкі 21:00-ге дейін жалғасады. Қар күреу жұмыстарына 603 арнайы техника мен 1 034 жұмысшы жұмылдырылды.
— Қалада 130 құмшашқыш техника тартылды. Әсіресе, әл-Фараби даңғылынан оңтүстікке қарай орналасқан таулы аймақтарға ерекше назар аударылып, 28 құмшашқыш жолды мұзға қарсы материалдармен өңдеп жүр. Шағын көлемді 70 машина тротуар, қоғамдық көлік аялдамасы және автотұрақ аймағын тазалап жатыр, — деп атап өтті әкімдіктен.
Соңғы төрт тәулікте Алматы көшелерінен 45 мың текше метр қар шығарылды.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, күндіз ауа температурасы шамамен 0°C, түнде -9…-11°C дейін төмендейді.
21 желтоқсан күні қар жаумайды, күндізгі температура -5…-7°C шамасында болады.
Алматыда Жаңа жыл түні мерекелік отшашу болатынын жаздық.