Алматы-Қостанай бағытындағы ақауы бар вагон «Жолаушылар тасымалына» тиесілі болып шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде Алматы – Қостанай бағытындағы жолаушылар пойызы вагондарының техникалық жағдайы сын көтермейтіні туралы бейнежазба тарағаннан кейін, ұлттық тасымалдаушы компания — «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми түсініктеме беріп, жолаушылардан кешірім сұрады.

Поезд жд темір жол железная дорога рельсы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Бұған дейін аталған пойыздың жеке меншік тасымалдаушыға тиесілі екені айтылған еді. Алайда компанияның ішкі тексерісі барысында №43 «Қостанай – Алматы» пойызы құрамында «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на тиесілі екі вагонның болғаны анықталған.

— Бұл вагондар тек бір реттік рейс үшін сұраныс бойынша тіркелген. Қазіргі таңда олар пойыз құрамынан шығарылды және қайта пайдаланылмайды. Жолаушыларға келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз, — делінген компания таратқан хабарламада.

Еске сала кетейік, оқиғаға байланысты Көлік министрлігі тасымалдаушының техникалық талаптарды сақтауы бойынша тексеріс бастағанын хабарлаған болатын.

— Пойыз бағытының соңғы пунктіне жеткеннен кейін техникалық тексеру мен мән-жайды анықтау жұмыстары жүргізіледі. Егер бұзушылықтар расталса, тасымалдаушы тарапынан кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады, — деп атап өтті министрлік агенттік сауалына берген жауабында.

Министрлік сонымен қатар барлық тасымалдаушылардан техникалық регламенттер мен қызмет көрсету стандарттарын қатаң сақтауды талап ететінін және жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар