Алматы кіреберісінде жүк көліктерінің салмағын өлшеу механизмі қалай жұмыс істейтін болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының кіреберісінде жүк көліктерінің салмағы автоматты түрде өлшенетін болады
Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Олжас Ахметовтың айтуынша, Құлжа тасжолында жүк көліктерінің салмақ пен габарит параметрлерін автоматты және тәулік бойы тексеріп, тіркейтін автоматтандырылған өлшеу стансаларын монтаждау жұмыстары басталды.
- Біз бұл стансаларды қаланың кіреберіс учаскелеріне, негізінен жүк көліктері көп жүретін бағыттарға орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл жабдық жүріс бөлігінің үстіне арка түрінде орнатылады, оның ішінде датчиктер болады. Ол өз кезегінде жүк көліктерінің габариттерін анықтайды. Сондай-ақ жол жабынына ірі көлік осьтерінің санын, доңғалақтардың жұптасуын, көліктің салмағын және оське түсетін жүктемені анықтайтын датчиктер енгізіліп жатыр, - деді ол.
Айтуынша, автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылатын жерде аркаға дейінгі 100 метр және аркадан өткеннен кейінгі 100 метр аралықтағы жол жабыны бетоннан болады. Олжас Ахметов бұл қозғалыстағы көлік құралдарын тұрақтандыру үшін, орнатылған датчиктердің қызмет ету мерзімін ұзарту үшін қажет екенін атап өтті. Одан бөлек бетон жабыны салмақтан пайда болатын деформацияға төзімдірек болмақ.
- Асфальтты бетон жабынға ауыстыру жұмыстары ауа райы жағдайына байланысты қараша айының соңына дейін жалғасады, - деп түсіндірді басқарма өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы екі тасжолда ірі жүк көліктерін бақылау жүйелері орнатылатыны хабарланды. Осыған байланысты 19 қазан мен 19 қараша аралығында Құлжа тасжолының қала шекарасынан Бұқтырма көшесіне қарай созылатын 200 метрлік учаскесінде реверсивті қозғалыс ұйымдастырылды.
Сонымен қатар осы кезеңде Іле тасжолының қала шекарасынан Сүйінбай даңғылына қарай бағытталған 200 метрлік бөлігінде де реверсивті қозғалыс енгізілді.
Сондай-ақ 2026 жылдың шілде айынан бастап сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін Саин көшесі – әл-Фараби даңғылы – Шығыс айналма автомобиль жолы (ШААЖ) – Рысқұлов даңғылы аралығында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілген болатын.