Алматы – Құлжа бағытына ұшатын рейстер жиілейді
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы – Инин (Құлжа) – Алматы әуе бағыты бойынша ұшу жиілігі артады.
2025 жылғы қазан айынан бастап рейстер аптасына үш рет орындалады. Жолаушылар сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері ұша алады. Қазіргі уақытта ұшулар аптасына екі рет — бейсенбі және жексенбі күндері жүзеге асуда.
- Инин (Құлжа) Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында орналасқан. Бұл өңір Қазақстанмен тарихи әрі мәдени байланыстары терең аймақ болып саналады. Ыңғайлы географиялық орналасуы мен қазақ диаспорасының көптігіне байланысты қала екі ел арасындағы мәдени және экономикалық қатынастардың маңызды орталығына айналып отыр, - деп жазылған ақпаратта.
Аталған бағыт 2025 жылғы 18 мамырдан бастап орындала бастады және қазақстандық-қытайлық жолаушылар тарапынан тұрақты жоғары сұранысқа ие.
2023 жылғы 10 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізілсе, 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмінің жылы болып өтті.
Ал 2025 жыл Қазақстанда Қытай туризмінің жылы болып жарияланған. Осыған орай рейстердің жиілігін арттыру мемлекетаралық байланыстарды нығайтып, туристер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Алматы – Инин (Құлжа) бағыты бойынша 2025 жылғы 23 қазанға дейінгі билеттерді әуе компаниясының мобильді қосымшасы немесе ресми сайтынан брондауға болады.