Алматы маңында 20 мыңнан астам адам жылусыз қалды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының іргесіндегі Іргелі ауылындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде жылу мен ыстық су өшірілді. Алматы облысының әкімдігі оның себебін түсіндірді.

жылыту
Фото: Pixabay

Кешен тұрғындарының бірі Instagram желісінде қазандыққа қызмет көрсететін ұйымның қарызы салдарынан 5 088 отбасы жылусыз қалғанын айтты.

Алматы облысының әкімдігі «Тәуекел-Н-Алғабас» ЖШС газбен жабдықтау бойынша дебиторлық қарызына байланысты қазандық өшірілгенін жеткізді.

«Соның салдарынан 20 мыңнан астам адам тұратын 5 088 пәтер жылусыз және ыстық сусыз қалды», — деп атап өтті әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қазандыққа сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқару негізінде «АлатауКомСервис» ЖШС қызмет көрсетеді.

«4 наурыз күні сағат 20:00–дегі жағдай бойынша қазандықта газ беру қалпына келді, штаттық режимде жұмыс істеп тұр. „Асыл Арман“ мүліктің меншік иелері бірлестігі қызметкерлері жылу және ыстық су жүйелерін реттеу жұмысын жүргізіп жатыр», — деп толықтырды әкімдіктен.

Атап өтілгендей, қарыз сомасы — 47,457 млн теңге.

Соңғы жаңалықтар