Алматы маңында автобус көпірден көліктің үстіне құлады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы-Бішкек автожолында автобус көпірден құлап түсті. Оқиғаның бейнежазбалары әлеуметтік желіде тарады.
Алматы облысының Полиция департаменті жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
- 12 қыркүйекте Алматы-Бішкек автожолының 25 шақырымында Yutong Bus автобусының жүргізушісі, бұрылу маневрін жасай отырып, рульді басқара алмай қоршауға соғылып, содан кейін көпірден Mercedes Benz Sprinter көлігінің артқы жағына құлағаны анықталды. Апат кезінде ешкім құрбан болған жоқ, - деп хабарлады облыстық ПД.
Сондай-ақ полиция мәліметіне сәйкес, жол-көлік оқиғасы салдарынан автобус жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылған. Ал автокөліктер арнайы автотұраққа орналастырылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында биыл жаңа 17 автобус бағыты іске қосылғанын жазғанбыз.