Алматы маңында тұрғындар бірнеше күн сусыз отыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы маңындағы Бесағаш ауылында орналасқан бірнеше тұрғын үй кешені сусыз отыр.

Алматы маңында тұрғындар бірнеше күн сусыз отыр 
Фото: 100baksoff_almaty

Өткен аптаның соңында «Алматау Нурия» тұрғын үй кешенінің су жабдықтау желілерінде апат болып, тұрғындар сол уақыттан бері сусыз отыр.

Талғар ауданының әкімдігі жағдайға түсініктеме берді. Ресми жауапқа сәйкес, жиі болатын техникалық ақаулар мен апаттық жағдайларға байланысты «Alatau Public Utilities» ЖШС қазіргі таңда тұрғын үй кешендері пайдаланып жүрген су құбырын ауыстырып жатыр.

- Қолданыстағы су құбыры құрылыс нормалары бұзылған жағдайда салынған (бұл туралы тиісті актілер мен Талғар ауданы әкімінің қатысуымен өткен кеңестің хаттамасы бар), жекеменшік жер телімдерінің үстімен өтеді және жиі істен шығады. Сонымен қатар, диаметрі 280 мм екі жіптен тұратын құбыр бөлігі — «Алматы Су» МКК желісіне қосылу нүктесінен бастап насос станциясына дейінгі аралық жеке меншіктегі жерлер арқылы өткендіктен, апаттарды жою мен техникалық жұмыстар жүргізуге едәуір кедергі келтіреді, - деп хабарлады әкімдіктен.

13–16 маусым аралығында іске қосу-реттеу жұмыстары барысында 6 төтенше жағдай тіркеліп, дереу жою шаралары қабылданған. Қалпына келтіру және апаттық жұмыстарды аяқтап, су беру бүгінге жоспарланған.

Еске салайық, былтыр Бостандық ауданының 20 мың тұрғыны сусыз қалғанын жазғанбыз.

Кейін Алматы әкімдігі 20 мың тұрғынды сусыз қалдырған компанияны сотқа берді.

 

Соңғы жаңалықтар