Алматы маңындағы өндірістік аймақтағы өрт сөндірілді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Өндірістік аймақта орналасқан қоймадағы өртті сөндіруге шамамен 90 адам мен 30 техника жұмылдырылды.

Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт 10 шілде күні сағат 14:50-де Ащыбұлақ ауылдық округінде орналасқан өнеркәсіптік аймақта шыққан. Қоймада жаңа мопедтер болған.
— Құтқарушылар оқиға орнына дереу жетіп, өртті сөндіру жұмыстарына кірісті. Өрт 16:46-да толық сөндірілді. Қызыл жалын 1200 шаршы метр аумақты шарпыған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр, — деп хабарлады ведомстводан.
Өртті сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласының ТЖД күштері мен құралдары, Ұлттық ұлан, өртке қарсы қызмет және ҚР Қорғаныс министрлігінің №50065 және №03826 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері тартылды.
Бұған дейін қойманың өртеніп жатқаны туралы жазғанбыз.