Алматы маңындағы тауда бес турист құтқарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыдағы Бутаков шатқалындағы сарқырама маңында, теңіз деңгейінен 2 мың метрден астам биіктікте Букреев шыңынан түсіп келе жатқан 2007 жылы туған бес жас турист бағытынан жаңылып, өздігінен жол таба алмай қалған, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.

Алматы маңындағы тауда бес турист құтқарылды
Фото: ҚР ТЖМ

Көмек қажет екенін түсінген олар 112 нөміріне хабарласқан.

– Оқиға орнына Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің мамандары жедел жетті. Құтқарушылар туристерді тауып, оларды «Бұтақты» бақылау-құтқару бекетіне дейін аман-есен түсірді. Медициналық көмек ешқайсысына қажет болған жоқ, – делінген ТЖМ хабарламасында.

Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлауға, өз мүмкіндіктеріңізді дұрыс бағалауға және баратын бағытыңыз туралы жақындарыңызға алдын ала хабарлауға шақырады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы тауларында адасып қалған төрт турист құтқарылғанын жаздық.