Алматы маңындағы жол апатынан зардап шеккен үндістандық студенттердің жағдайы қалай

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы маңындағы жол апатынан зардап шеккен үндістандық студенттердің жағдайы белгілі болды. 

больница, медицина, мед персонал, аурухана
Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы 6 қаңтарда сағат 11:00–12:00 аралығында Алматы — Бішкек тасжолындағы Тарғап ауылына жақын жердегі жол апатында зардап шеккен Үндістанның үш азаматы Жамбыл ауданының Орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.

— Барлығы шұғыл түрде дәрігерлердің қарауынан өтіп, алғашқы тексеруден соң жедел жәрдем және жансақтау бөлімдеріне жатқызылды. Кейін бір науқас хирургия бөлімінде, екінші науқас жансақтау бөлімінде емді жалғастырды. Үшінші науқастың жағдайы аса ауыр еді. Жансақтау және жедел терапия шараларына қарамастан, ол 9 қаңтарда қайтыс болды, — деп хабарлады ведомство.

Қазіргі уақытта медициналық қызметкерлер зардап шеккендерге қажетті ем-дәрі және диагностикалық шараларды жүргізіп жатыр.

— Барлық тексеру өткізілді, профильді мамандармен консультациялар ұйымдастырылды. Емдеу бекітілген клиникалық хаттамаларға сәйкес жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Алматы маңында жантүршігерлік жол апаты болғанын жазғанбыз.

Үндістанның Астанадағы елшілігінің хабарлауынша, көлік ішінде Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медицина университетінің төрт студенті және Үндістаннан келген бір турист болған.

Олар Шымкенттен Алматыға қарай жол жүріп бара жатқан жатқан. Екі адам оқиға орнында қаза тапты, ал үшеуі ауыр жарақат алып, жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатқаны хабарланды.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға «Алматы — Бішкек» автожолының 86-шақырымында болған. Жол апатына қатысты қылмыстық іс тіркелді. Алдын ала мәліметтер бойынша, Toyota Alphard маркалы автокөліктің 33 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлікті аударып алған.

Ал бүгін, 9 қаңтарда осы жол апатында зардап шеккен тағы бір үндістандық студенттің қайтыс болғаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар