Алматы мәслихаты Балалардың құқығын қорғау басқармасын құруды қолдады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар «Алматы қаласын басқару схемасын бекіту туралы» шешімге толықтырулар енгізу мәселесін қарады.
Депутаттар жаңа құрылымдық бөлімше — Балалардың құқығын қорғау басқармасын құруды мақұлдады.
— Бұл шешім Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының тапсырмасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгерістерге байланысты қабылданып отыр. Бұл өзгерістер жергілікті деңгейде балалардың құқығын қорғау жөніндегі арнаулы орган құруға бағытталған, — деп хабарлады Алматы әкімдігі.
Алматы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиевтің айтуынша, жеке басқарманың құрылуы профилактика жұмыстарын күшейтуге, жедел әрекет ету тетіктерін жетілдіруге және ведомствоаралық үйлестіруді тиімді жолға қоюға мүмкіндік береді. Бұл халық саны көп әрі әлеуметтік инфрақұрылымы дамыған мегаполис үшін аса маңызды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімі қалада балалардың құқығын қорғау жөніндегі жаңа басқарма құрылатынын айтқан еді.