Алғашқы ұстаз, алғашқы сабақ, алғашқы қоңырау: Алматыда жаңа оқу жылы басталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгін бүкіл ел бойынша алғашқы қоңырау соғылып, Білім күніне арналған салтанатты жиындар өтті.

Агенттік фототілшісі 100 жылдық тарихы бар Шоқан Уәлиханов атындағы № 12 гимназиясына барып қайтты.

Бұл білім ордасы әуеліде жетім балалар оқыған коммуналық мектеп ретінде ашылған. Кейін бастауыш, жетіжылдық, одан соң тоғызжылдық мектепке айналды. 1930 жылдары № 12 интернат-мектеп болып құрылды. Соғыс жылдарында қыздар және ұлдар мектебі болып бөлініп, кейін қайта біріктірілді.

Кеңес дәуірінде қазақ тілінде білім беретін жалғыз мектеп болған. Сондай-ақ оқу ордасының тұрақты ғимараты болмай, тоғыз рет көшірілген. Тек 1975 жылы Бөгенбай батыр көшесі мен Қонаев көшесінің қиылысындағы қазіргі мекенжайына көшті. Осы кезден бастап ағылшын тілін тереңдетіп оқыту дәстүрге айналды.

1994 жылы мектепке Шоқан Уәлихановтың есімі беріліп, 2014 жылы «Дарын» жүйесіндегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия мәртебесін алды.
Осы мектептен қазақ зиялылары тәрбиеленіп шықты: ондаған академик пен ғылым докторы білім алған.

Танымал түлектер қатарында опера әншісі Күләш Байсейітова, тұңғыш кәсіби суретші Әбілхан Қастеев, режиссер Асқар Тоқпанов, мүсінші Хәкімжан Наурызбаев, халық әртістері мен композиторлар Нұрғиса Тілендиев, Сыдық Мұхамеджанов, Әсет Бейсеуов, ақын-жазушылар Уәлихан Қалижан, Смағұл Елубай, Шәрбану Құмарова, режиссерлер Сатыбалды Нарымбетов, Рүстем Әбдірашев, Нұрқанат Жақыпбай және басқа да танымал тұлғалар бар.

№ 12 гимназияда бұл күні ерекше атмосфера орнады. 1 қыркүйек ерекше көңіл күйде басталды: гүл ұстаған, ақ бантик таққан балалар, жүрегі лүпілдеп тұрған ата-аналардың қуанышты күлкісі…

Ұялып тұрғанымен, жүздері жарқыраған бірінші сынып оқушылары қолдарына гүл ұстап, көптен күткен алғашқы қоңырауды естіді. Олар өлең оқып, ән шырқады.

Ал бітіруші сынып оқушылары бұл күнді сәл-пәл толқумен әрі үлкен жауапкершілікпен қарсы алды — алда ҰБТ мен ересек өмірге бастар жаңа кезең күтіп тұр.
Ондаған жылдар бойы осы гимназияда еңбек етіп келе жатқан ұстаздар құттықтаулар мен алғыс сөздерді естіді. Олардың еңбегінің арқасында бүгінгі таңда гимназия түлектерінің 90%-ы білім грантының иегері атанып, ал оқушылар пән олимпиадалары мен ғылыми жобаларда үнемі жеңімпаз атанып жүр.

Биыл Алматыда бірінші сыныпқа 29 240 бала қабылданды. Олар үшін бұл — алғашқы сабақ, алғашқы ұстаз және алғашқы мектеп формасы.

Сондай-ақ биыл 19 765 оқушы 11-сыныпқа өтті. Қалған сыныптар үшін 2 қыркүйекте Білім күніне арналған «сынып сағаты» өтеді.

Алматыда жаңа оқу жылында «Келешек мектептері» жобасы аясында 12 мың орынға арналған 7 жаңа мектеп есігін ашты. Олар Теректі, Самғау, Қарасу, Ақбұлақ, Нұрлы Дала шағын аудандарында, сондай-ақ Левитан көшесі мен Райымбек даңғылында орналасқан. Жаңа мектептерге 10 889 оқушы қабылданып, 693 мұғалім жұмысқа орналасты.

Қыркүйек айының соңына дейін тағы 10,5 мың орынға арналған бес мектеп ашылады.
Сонымен қатар «Мектеп автобусы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде ол 44 мемлекеттік мектептің 7 532 оқушысын тасымалдайды.

Еске салайық, 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымында «Жеке қауіпсіздік» сабақтары қайта оқытылады.