Алматы мемлекеттік қуыршақ театрына «академиялық» мәртебе берілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің 2 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, Алматы мемлекеттік қуыршақ театрына «академиялық» мәртебе берілді.
Алматы мемлекеттік қуыршақ театры — республикадағы тұңғыш қуыршақ театры. Ол 1935 жылы мемлекеттік қайраткер Темірбек Жүргеновтің бастамасымен ашылған.
Өнер ордасы биыл 90 жылдығын атап өтті. Театр балалар мен ересектерге арналған танымдық спектакльдер қойып келеді.
Ұжым кейінгі жылдары халықаралық аренада да белсенді. Франция, Канада, Болгария, Түркиядағы фестивальдерге қатысып, жүлделі орын алды. Ал Алматыда жыл сайын өтетін халықаралық Almaty Puppet Festival қаланы қуыршақ өнерінің маңызды орталықтарының біріне айналдырды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы мемлекеттік қуыршақ театры Франциядағы заманауи театр өнерінің ең ауқымды шараларының бірі — Off Avignon халықаралық фестиваліне қатысуға жолдама алғанын жазғанбыз.