Алматы мен Бангкок арасында тікелей рейс ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Thai AirAsia X лоукост-тасымалдаушы Алматы — Бангкок (Дон Муанг) бағытындағы жаңа халықаралық рейсті іске қосты.
Алматыдан Таиланд астанасына тікелей рейстер аптасына төрт рет — сейсенбі, бейсенбі, жұма және жексенбі күндері кең фюзеляжды Airbus A330 ұшақтарымен орындалады.
Бұл бағыттың ашылуы әуе компаниясының Орталық Азия нарығына алғаш рет шығуына жасалған маңызды қадам болды.
Қазір Thai AirAsia X Бангкок (Дон Муанг) әуежайынан Токио, Осака, Нагоя, Саппоро және Сендай (Жапония), Сеул (Оңтүстік Корея), Дели (Үндістан), Шанхай (Қытай), Эр-Рияд (Сауд Арабиясы) және енді Алматы (Қазақстан) қалаларына тікелей рейстерді орындайды. Компания Airbus A330-300 үлгісіндегі 11 әуе кемесін пайдаланады.
Еске салайық, бұған дейін Thai AirAsia X әуе компаниясы 2025 жылғы желтоқсаннан бастап Бангкок — Алматы тікелей әуе бағытын іске қосатынын хабарлағанбыз.