Алматы метросында бомба барын айтқан әйел ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы тұрғыны «Райымбек батыр» метро станциясында жарылғыш құрылғы бар екенін айтқан. 

телефон
Фото: pexels

Әлеуметтік желілерде «Райымбек батыр» станциясының жабылғаны туралы ақпарат тарады. Жолаушыларға сапарын автобустармен жалғастыру ұсынылған. Бұл жағдай қала тұрғындарының арасында сұрақ туғызды.

Полицияның мәліметінше, метро қызметкерлеріне бір әйел жарылғыш құрылғы бар екенін хабарлаған. Ол дереу ұсталды.

— Станцияда тиісті мамандардың қатысуымен комиссиялық тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде жарылғыш құрылғылар мен күдікті заттар анықталған жоқ, — деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Алдын ала мәлімет бойынша, әйел психикалық денсаулық орталығында есепте тұрады. Қазір тексеріс жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша әйелдің әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Полиция метрополитеннің штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын және жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында екенін атап өтті.

Алматыда бомба туралы жалған хабарламалар жиілеп кетті. Бұған дейін Dostyk Plaza сауда орталығында бомба бар деген хабарлама тарап, адамдар эвакуацияланды.

Сондай-ақ 20 қазанда UIB және тағы бірнеше университетте жарылғыш заттың бар-жоғы тексерілді.