Алматы метросында төлем жүйесіндегі ақау кесірінен кезек пайда болды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Дүйсенбі күні таңертең Алматы метро станцияларында жолақы төлеу жүйесіндегі ақауға байланысты кезек пайда болды.

Алматы метросын жарты күнде 40 мыңға жуық жолаушы қолданған
Фото: Видеодан скрин

Қала тұрғындары жолақыны төлеу кезінде қиындықтарға тап болғанын хабарлады.

Атап айтқанда, QR-код арқылы төлем жасауға әрекеттенген кезде қосымшада қате туралы хабарлама шыққан.

Алматы метрополитені өкілдерінің түсіндіруінше, жолаушылардың кезекке тұруына «Onay» төлем жүйесіндегі уақытша ақау себеп болған.

— Сағат 06:30–дан бастап барлық станцияда «Onay» жүйесінің QR-коды арқылы төлем уақытша істемеді. Алайда төлемнің басқа тәсілдері штаттық режимде жұмыс істеді. Жолаушылар «Onay» көлік карталарын, банк карталарын, Apple Pay, Samsung Pay және қағаз QR-билеттерді кедергісіз пайдалана алды, — деп хабарлады метрополитеннің баспасөз қызметі.

Метрополитен мәліметінше, басқа төлем сервистері жұмыс істеп тұрды.

Сағат 09:30–да QR-«Onay» төлем жүйесіндегі ақау толық жойылды. Қазір сервис штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, Алматы метросында бомба барын айтқан әйел ұсталған еді.