Алматы метросындағы жарнамадан қанша пайда және кімге түседі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Кейінгі жылдары Алматы метросын қолданатын жолаушылар саны күрт өсті. Осыған қарай, метрополитен аймағында орналастырылған жарнама да көбейіп келеді. Әр метро бекетте ашылған коммерциялық нысандар да аз емес.

жарнама
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Жолақыдан жиналған қаржыдан тыс табысқа байланысты Kazinform тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің «Метрополитен» кәсіпорнына сауал жолдап, жарнама және өзге де қызметтерден алынған қаржы кімге түсіп жатқанын нақтылады.

Ресми жауапқа сәйкес, жарнама және ақпарат өнімдері қызметтерін ұсыну «Метрополитен» кәсіпорнының қызмет саласында көзделмеген.

Сондықтан метро бекеттегі және жылжымалы құрам вагондарының ішіндегі бос алаңдарды жалға беру құқығы Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасына берілген.

— «Метрополитен» кәсіпорны — Алматы қаласының метрополитен объектілерінің теңгерім ұстаушысы және метрополитен объектілерін техникалық пайдалану қағидаларына сәйкес оның сақталуына және пайдаланылуына жауап береді. Жалға алушылармен жалдау шартын Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасы жасасады. Бұл ретте олардан жалдау төлемдері кәсіпорынның емес, жергілікті бюджеттің кірісіне түседі, — делінген кәсіпорын жауабында.

метро
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Сонымен қатар «Метрополитен» КМК 2022-2025 жылдар аралығында жолаушылардың төлемдерінен қанша пайда түскенін де нақтылап өтті:

  • 2022 жыл — 1 186 529 675 теңге;
  • 2023 жыл — 1 806 116 913 теңге;
  • 2024 жыл — 2 175 748 146 теңге;
  • 2025 жыл (осы жылдың 30 сәуірдегі жағдай бойынша) — 832 155 741 теңге.

Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасының мәліметінше, мемлекеттік мүлікті жалға беруді кезінде Ұлттық экономика министрі 2015 жылы бекіткен.

Ведомсвто мемлекеттік мүлікті мүліктік жалға беру қағидаларын басшылыққа алатынын мәлімдеді.

метро
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Басқарма жауабына сәйкес, 2022 жылдан 2025 жылдың мамырына дейінгі кезеңде сауда нысандары, банкоматтар мен вендинг автоматтарын, сондай-ақ метрополитен стансаларында және вагондарында орналасқан жарнама алаңдарын жалға беруден жергілікті бюджетке 430 млн 342 мың 197 теңге түскен.

Оның ішінде:

  • 2022 жылы — 61 629 676 теңге; 
  • 2023 жылы — 120 930 712 теңге;
  • 2024 жылы — 188 982 809 теңге;
  • 2025 жылы (осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша) — 58 799 000 теңге.\
метро
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Еске салайық, бұған дейін Алматы метрополитенінде турникеттерді жаңарту жұмысы басталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар