Алматы метросының барлық бекетінде платформалық есіктер орнатылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда метросының 11 бекетінде автоматтандырылған платформалық есіктер орнатылады. 

Алматы метросының барлық бекетінде платформалық есіктер орнатылады
Фото: Алматы метрополитені

«Метрополитен» мекесі рельстерді жолаушылардың платформасынан бөліп тұратын есіктердің жобасын жасау үшін Мемлекеттік сатып алу сайтында хабарландыру жариялады.

Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеудің құны — 73 млн теңге. Өтінім қабылдау 7 тамыз күні басталды, 12 тамыз күні аяқталады. Әзірге бұл лотқа 4 өтінім түскен.

Хабарландыруда көрсетілген техникалық ерекшеліктерге сәйкес, платформаның шетінен бүкіл ұзындығы бойынша шыны қоршау және есіктер орнатылады. Метро вагондарымен автоматтандырылған есіктер синхронды түрде ашылатын және жабылатын болады.

— Платформалық жылжымалы есіктер немесе platform screen doors (PSD) — бұл метро және монорельс станцияларында жолаушылардың қауіпсіздігі үшін қолданылатын қоршау жүйесі. Шыны қоршаулар жол тоннельдері мен пойыздың күту аймағы арасындағы тосқауыл болады. Бұл жолаушылар мен заттардың рельстерге абайсызда немесе әдейі құлауын болдырмайды, — делінген құжатта.

Сондай-ақ бір жылжымалы құрамда 4 вагон, ал әр вагонда 4 есік болғандықтан, бір платформаға барлығы 16 есік қажет екені жазылған.

Еске салайық, былтыр 10 желтоқсан күні Алматы метросында 26 жастағы зағип жолаушы рельске құлап, мерт болды.

Кейін қайғылы оқиғаның бейнежазбасы желіде тарады. Онда 26 жастағы жігіттің вагондар арасындағы ашық тұстан рельске құлап кеткенін көруге болады.

Метродағы қайғылы жағдайдан кейін бекеттерде қоршау орнатыла бастады. Бірақ вагондар арасындағы аумақты ғана жауып тұратын құрылым жолаушылардың көңілінен шыққан жоқ.

Кейін метрополитен директоры метрода орнатылып жатқан қауіпсіздік қоршаулары уақытша шешім екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар