Метродағы қайғылы жағдай: бекеттерде қоршау орнатыла бастады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы метросының бекеттерінде қауіпсіздік қоршаулары орнатыла бастады.

Әлеуметтік желіде метро бекеттерде қоршаулардың орнатыла бастағаны туралы бейнежазба тарады. Алматы метрополитетінің баспасөз қызметі агенттік сауалына бұл қоршаулар қауіпсіздік үшін қойылып жатқанын хабарлады.
- Метро станцияларында жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоршаулар орнату жұмыстары басталды. Жұмыс регламентіне сәйкес, алдымен берік металдан жасалған тіректер орнатылады, кейіннен оларға мықты шыныдан жасалған бөлгіштер бекітіледі. Жұмыстарды толық аяқтау алдағы апта ішінде жоспарланып отыр, - деп мәлімдеді метрополитен.
Еске салайық, 10 желтоқсан күні Алматы метросында 26 жастағы зағип жолаушы рельске құлап, мерт болды.
Кейін қайғылы оқиғаның бейнежазбасы желіде тарады. Онда 26 жастағы жігіттің вагондар арасындағы ашық тұстан рельске құлап кеткенін көруге болады.
Алматы әкімі Ерболат Досаев қайғылы жағдайдан кейін Алматы метросында не өзгергенін айтқан еді.