Метрода орнатылып жатқан қауіпсіздік қоршаулары уақытша шешім — метрополитен директоры

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Автоматтандырылған платформалық қоршауларды орнату ұзақ уақытты қажет етеді, өйткені ол үшін жобалау, техникалық-экономикалық негіздеме, қаржыландыру, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу қажет.

Алматы метрополитенінің директоры
Фото: Алматы метрополитені

Осыған байланысты жолаушылардың қауіпсіздігі үшін уақытша металл қоршаулар орнатылып жатыр. Бұл туралы Алматы метрополитенінің директоры Алмасбек Орынбеков айтты.

Алмасбек Орынбековтің сөзінше, алдымен тот баспайтын жылтыр металдан жасалған тіректер орнатылады, кейін оларға соққыға төзімді шыныдан жасалған қоршаулар бекітіледі. Бұл жұмыстар жақында аяқталады деп жоспарланып отыр.

— Автоматтандырылған платформалық қоршауларды орнату ұзақ уақытты қажет етеді, өйткені ол үшін жобалау, техникалық-экономикалық негіздеме, қаржыландыру, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу қажет. Осыған байланысты жолаушылардың қауіпсіздігі үшін уақытша металл қоршаулар орнатылып жатыр, — деді Алмасбек Орынбеков.

Айтуынша, қоршаулар вагондардың арасындағы кеңістікті шектеу үшін орнатылады және метрополитеннің пайдалану шығыны есебінен жүзеге асырылады, яғни бюджет қаражаты тартылмайды.

Осыған дейін Алматы метросының бекеттерінде қауіпсіздік қоршаулары орнатыла бастағаны туралы жазған болатынбыз. 

Еске салайық, 10 желтоқсан күні Алматы метросында 26 жастағы зағип жолаушы рельске құлап, мерт болды

Кейін қайғылы оқиғаның бейнежазбасы желіде тарады. Онда 26 жастағы жігіттің вагондар арасындағы ашық тұстан рельске құлап кеткенін көруге болады. 

Алматы әкімі Ерболат Досаев қайғылы жағдайдан кейін Алматы метросында не өзгергенін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар