Алматы метросының жаңа бекеті 2026 жылы қаңтарда ашылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда метрополитенді ұзарту бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

«Қалқаман» метро бекеттің құрылысы 2020 жылы басталған, бірақ Наурызбай ауданының қарқынды дамуына байланысты 2022 жылы орналасуы қайта қаралды.

Жаңа жоба бойынша жерасты тоннельдерінің ұзындығы 1,98 км болады, ал бекет Әшімов көшесінен батысқа қарай Абай даңғылы бойында орналасады. Бекеттегі платформаның ұзындығы 98 метр болмақ. Одан бөлек станцияға іргелес аумақта 380 автотұрақ орны және 28 автобус тұрақ орны қарастырылады.


— Жобаның бас мердігері «BCN-Group». Сол жақ тоннельді қазу жұмыстары 100% аяқталды. Бастапқыда екі тоннельді қазу жұмыстары тәулігіне орташа 3 метр жылдамдықпен жүрді. Алайда, құрылғылардың бірінің істен шығуына байланысты оң жақ тоннель бойынша тек 559 метр қазылды, ал жоспар бойынша 1587 метр болуы керек еді. 2024 жылы жобаны жалғастыру үшін 28 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа екінші тоннельді қазу, жер қазу және бетондау жұмыстары, сондай-ақ қажетті жабдықтарды сатып алу жоспарланған, — деп хабарлады әкімдіктен.

«BCN-Group» директорлар кеңесінің төрағасы Александр Беловичтің айтуынша, қазір құрылыс алаңында 150 маман және 50-ден астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Алматы әкімі Ерболат Досаев нысанды 2026 жылдың қаңтарына дейін аяқтауды міндеттеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматы метросында пойыздар 3 минут сайын жүретін болғанын жазғанбыз.