Алматы облысы 63 елге жергілікті өнімді экспорттады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Алматы облысында экспорт көлемі 565 млн доллардан 581 млн долларға артты. Бұл туралы өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлім етті.

— Өңір экономикасының қарқынды дамуына мол инвестиция тарту оң әсер етті. Биыл облысқа 778 млрд теңге инвестиция тартылды. Инвестицияның ұлғаюымен қатар көрші елдермен ынтымақтастық та жыл санап нығаюда. Өңірдің экспорт географиясының кеңеюі — аймақтың экономикалық дамуындағы маңызды жетістіктердің бірі. Бүгінде облыс 63 елге өнім экспорттаса, оның 90%-ін өңделген өнім. Өткен жылмен салыстырғанда экспорт көлемі 565 млн доллардан 581 млн долларға артты, — деді Марат Сұлтанғазиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Одан әрі облыс әкімі Қонаев және Алатау қаласының даму барысына тоқталды.
— Соңғы үш жылда Қонаев қаласының инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, 48 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары ауыстырылып, қасбеттері жөнделді, 61 шақырым инженерлік-жол инфрақұрылымы жаңартылып, 41 аула, қоғамдық бақтар мен спорт алаңдары абаттандырылды. Жалпы алаңы 133 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Оның айтарлықтай көлемін жеке құрылыс компаниялары жүзеге асырды. Осылайша, қаланың тартымдылығын арттыратын заманауи тұрғын үй кешендері бой көтерді және 900 орындық мектептің құрылысы аяқталды, — деп толықтырды әкім.
Айта кетейік, жақында Қонаев қаласында 4 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Қайтарылған жерді шаруаларға 10 жылға жалға беру жоспарланып отыр.