Алматы облысы әкімдігінде кадрлық ауыс-түйіс болды
Алматы облысында Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, сондай-ақ әкім аппаратының басшылары тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысы әкімінің өкімімен және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен Данияр Алиев облыстың Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Данияр Абзалиденұлы 1986 жылы туған, білімі жоғары, 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде «тарих» мамандығы, 2010 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде «тарих магистрі», 2020 жылы «Алматы» университетінде «құқық» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2008 жылы Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағатында қор сақтау бөлімінің меңгерушісі болып бастаған.
Әр жылдары Алматы қаласы тарихының мұражайында ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының бас маманы, басқарма басшысының орынбасары, «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы бойынша филиалында консультант, бөлім меңгерушісі болды.
2022 жылдың қыркүйек айынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде комитет төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.
Сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен Мұрат Бақыткерімұлы Мәдіғұлов облыс әкімі аппаратының басшысы қызметіне келді.
Мұрат Бақыткерімұлы 1978 жылы туған, білімі жоғары, 2000 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «мал шаруашылығы менеджері», 2006 жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «есеп және аудит», 2017 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «құқық магистрі» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы «Руби-Роз Агрикол» ЖШС филиалының зоотехнигі болып бастап, кейіннен зоотехниктің көмекшісі ретінде еңбек еткен. Әр жылдары ҚР АШМ Алакөл аудандық аймақтық басқармасының бас маман – мемлекеттік инспекторы, ҚР АШМ Алматы облыстық аумақтық басқармасының жетекші маманы, бас маманы, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, облыс әкімі аппаратында бас инспектор, аппарат басшысының орынбасары, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, облыстық Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары, Іле ауданы әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған.
2021 жылдың наурыз айынан Іле ауданы әкімінің орынбасары болды.