Алматы облысы бөлігінде Рысқұлов даңғылын ұзартуға 3 млрд бөлінеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Рысқұлов даңғылын ұзарту жұмыстары жалғасады.
Қазір Рысқұлов даңғылын Фариза Оңғарысынова көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары аяқталуға жақын. Жолдың жаңа бөлігінде қыркүйек айынан бері көлік қозғалыс ашылған.
Дегенмен, қала әкімдігі бұл жұмыстармен тоқтамақ емес. Қалалық бюджет есебінен Алматы облысы бөлігіндегі көше ұзарту жұмыстары қаржыландырылады. Алдағы уақытта Рысқұлов даңғылын Үлкен Алматы автомобиль айналма жолына жалғау жоспарланған. Тиісті лот мемлекеттік сатып алу порталында жарияланды. «Алматы облысы Қарасай ауданында Рысқұлов жолын салу» жобасына 3 225 978 190 теңге бөлінген. Тапсырыс беруші — Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы. Мердігерлер өтінімі 16 қазаннан бастап 21 қазанға дейін қабылданады.
Жалпы алдағы жылдары Алматыда Рысқұлов даңғылынан бөлек Тілендиев, Солтүстік айналма, Саин көшелерін, сондай-ақ Абай даңғылын ҮАААЖ-ға дейін ұзарту көзделіп отыр.
Қаланың жол-көлік жүйесі үшін маңызды жобалардың бірі — Алатау даңғылы Белжайлау көшесінен Жандосов көшесіне дейін ұзарту. Бүгінде оның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталған.
Ал қаланың шығыс бөлігінде Сәтбаев көшесі Луганский көшесінен Шығыс айналма жолына дейін ұзартылады.