Алматы облысы Ішкі саясат басқармасына жаңа басшы тағайындалды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы әкімінің өкімімен Ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына Төлеген Кенжебеков тағайындалды.
Төлеген Кенжебеков 1986 жылы туған. Білімі жоғары. Жетісу мемлекеттік университетін «қазақ тілі мен әдебиеті», Құқық және экономика академиясын «заңгер» мамандықтары бойынша бітірген. Жетісу мемлекеттік университетінде «мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.
Еңбек жолын Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жастар жөніндегі маман ретінде бастаған.
Әр жылдары Алматы облысының ішкі саясат, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының бас маманы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінде бөлім консультанты, бас маман, басқарма басшысы, облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі, Қонаев қаласы әкімінің орынбасары лауазымдарында қызмет еткен.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының Білім басқармасына жаңа басшы тағайындалды.