Алматы облысына шетелдік инвестиция ағыны қаншалықты азайды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — 2024 жылдың 9 айында Алматы облысына тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы сомасы — 191,1 млн доллар болды. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 335,9 млн долларға аз.

Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлының айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша облысқа тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 880,2 млн АҚШ долларынан асып кетті. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен (686,6 миллион доллар) 128,2 пайызға жоғары.
— 2024 жылға арналған жоспарда 527 млн доллар көлемінде шетел инвестициясын тарту көзделген. 2024 жылдың үшінші тоқсанында нақты түсімдер 191,1 млн доллар болды. Бұл жоспарланғаннан 335,9 млн долларға аз. 2024 жылдың төртінші тоқсанында алдын ала мәліметтер бойынша шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 350 млн АҚШ долларға жетеді деп күтілуде. Осылайша, 2024 жылдың соңына қарай облысқа тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 541,1 млн АҚШ доллары деңгейінде болуы керек. Дегенмен, 2024 жылдың деректері 2025 жылдың екінші тоқсанында ғана жарияланады, — деп жауап берді Қуаныш Бақытұлы Kazinform агенттігінің сауалына.
Спикердің сөзінше, шетелдік инвестиция ағынының негізгі көлемі ғимараттарды пайдалануға беру актісін алып, оны іске қосқаннан кейін ғана құрал-жабдыққа салынған инвестицияның толық көлемі тіркелді.
— 2024 жылдың төртінші тоқсанында бірнеше ірі нысаның құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, қытайлық Jiangxi Copper компаниясы вольфрам кенін өндіру және өңдеу зауытының құрылысын аяқтады. Тартылған инвестиция көлемі — 290 млн доллар. Сондай-ақ оңтүстіккореялық «KT& G» компаниясы 204 млн долларға темекі шығаратын нысан салды. Ал, «Focus Logistics» ресейлік «ОЗОН» компаниясымен бірлесіп, 151 млн долларға «А» класындағы қоймалар салу жобасын қолға алды, — деді ол.
Басқарма басшысы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 980,8 млрд теңгеге жеткенін атап өтті.
Нақты көлем индексі (НКИ) 130,0 пайызды көрсетіп, Алматы облысы еліміз бойынша бесінші орынға шықты. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 96 пайызы. Өткен жылмен салыстырғанда 243,1 млрд теңгеге көп.
— 2025 жылы 359,2 млрд теңгеге 28 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Бұл 4300-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, — деп қосты Қуаныш Бақытұлы.
Айта кетейік, 28 қаңтар күні Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет екендігіне баса назар аударған болатын.
Ұлттық банктің мәліметінше, былтыр Қазақстанға тартылатын тікелей шетелдік инвестиция 30 есеге қысқарды.
Кейін Премьер-министр Олжас Бектенов еліміз үшін маңызды жобаларды іске асыруға жеке инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов кейінгі жылдары Қазақстанға инвестиция салып жатқан елдердің алғашқы көші қай мемлекеттер бастап тұрғанын айтты.