Алматы облысында 111 сенім телефонына 44 қоңырау түскен
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаевта балалардың құқығын қорғау және жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу мақсатында жиын өтті.
Алматы облыстық балалар құқығы жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекованың айтуынша, өз-өзіне қол жұмсаған балалардың 90 пайызы ата-анасымен ұрысқаннан кейін осындай қадамға барған.
Ал полиция басқармасының өкілдері оқушылардың психологиялық мінез-құлқына зиян келтірмеу мақсатында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тиісті өзгертулер енгізілгенін атап өтті. Заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмаған адамды жәбірлегендерге (буллинг, кибербуллинг) ескерту жасалады немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
- Алматы облысы бойынша әйелдер және балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша 111 сенім телефонына биыл 44 қоңырау түсіп, олардың әрқайсына жекелеген қолдаулар көрсетілді. Одан бөлек Қонаевтағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығының көмегіне 200 адам жүгінді, - деп хабарлады іс-шара ұйымдастырушылары.
Еске салайық, 2023 жылы зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары үшін «111» телефон номері іске қосылды.
Бұған дейін «111» нөміріне әйелдер мен балалардан қандай шағым жиі түсетінін жазғанбыз.