Алматы облысында 130 демалыс орны бақылауға алынды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында жазғы шомылу маусымының басталуына байланысты су айдындарының қауіпсіздігі мен жағажайлардың санитариялық жағдайы ерекше бақылауға алынды.

Алматы облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Марат Исмаиловтың айтуынша, су объектілерінің санитариялық жағдайы халық денсаулығы үшін аса маңызды мәселе. Себебі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, әлемдегі аурулардың 80%-ы сапасыз сумен байланысты.
- Алматы облысында 130 демалыс орны бақылауға алынған. Оның 90-ы Қонаев қаласында, Еңбекшіқазақ, Балқаш және Іле аудандарында орналасқан. Сонымен қатар 33 қала сыртындағы оқушылар лагері де санитариялық тексеруден өтіп жатыр. Департамент жыл сайын маусым басталар алдында су мен жағажай құмын зертханалық тексеруден өткізеді. Биылғы маусымға дайындық аясында 147 су 51 топырақ сынамасы алынған, - деді ол.
Марат Исмаилов шомылуға арналған су айдындарын пайдаланатын кәсіпкерлер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық ережелеріне сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті екенін атап өтті. Оның айтуынша, жағажай аумағында көлеңке түсіретін шатырлар, шезлонгтар, кабиналар, тазалыққа арналған құралдар орнатылып, күн сайын дезинфекция мен тазалау жұмыстары жүргізілуі тиіс.
- Жағажайды таңдау кезінде бірнеше қарапайым ережені сақтау қажет. Атап айтқанда, демалыс орны лас ағынды сулардан, мал жайылымынан және өндіріс орындарынан кемінде 500 метр қашықтықта орналасуы тиіс. Балалардың шомылуына тек ауа температурасы +23°C және су температурасы +20°C болғанда ғана рұқсат беріледі, - деді маман.
Еске салайық, бұған дейін Қонаевтағы демалыс аймағында ток соққан 11 жасар бала қайтыс болғанын жазғанбыз. Бұл дерек бойынша Қонаев қаласының полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Жансұлтан Оңалбаевтың Kazinform агенттігіне берген жауабында барлық жағалау аймағында, соның ішінде жеке меншіктегі аумақтарда инженерлік инфрақұрылымның, оның ішінде электр желілерінің техникалық жай-күйін жоспардан тыс кешенді тексерілетінін айтты.