Алматы облысында 168 шетелдік елден шығарылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында осы жылдың бірінші тоқсаны бойынша көші-қон саласындағы жұмыс қорытындыланды. 

Алматы облысында 168 шетелдік елден шығарылды
Фото: Алматы қаласы ПД

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған кезеңде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 3,7 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде шамамен 2,9 мың шетел азаматы және 700-ден астам Қазақстан Республикасы азаматы шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану кезінде заң бұзушылықтарға жол берген.

— Сот шешімдері бойынша 168 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды. Сонымен қатар борышкерлерді іздестіру жұмыстары аясында 15 алимент төлемеушінің және 22 өзге де іздеуде жүрген борышкердің орналасқан жері анықталды, — деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда көші-қон заңнамасын бұзған 132 шетелдік ел аумағынан шығарылғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар