Алматы облысында 19 жастағы жігіт басқарған дропперлер тобы ұсталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының тәртіп сақшылары шамамен 250 миллион теңге көлемінде залал келтірген ауқымды интернет-алаяқтық схемасын әшкереледі.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыстық киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында әрекет еткен қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен үш сыбайласын ұстаған.
— Ұйымдастырушы небәрі 19 жаста, Алматы облысының тұрғыны. Тергеу мәліметінше, ол қылмыстық схемаға 2023 жылдың қазан айынан бері қатысқан. Алдымен қарапайым «дроп» ретінде бастаса, 2024 жылдың маусымынан бастап дропперлерді басқаруға көшкен. 2025 жылдың қаңтарынан бастап куратор ретінде әрекет етіп, үш дропперді басқарып келген, — деп хабарлады Алматы облысының полиция департаментінен.
Полиция мәліметінше, ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қаскөйлер 50-ден астам жалған тұлғаға рәсімделген банктік қосымшалары бар 30-дан астам мобильді құрылғыны пайдаланған. Сондай-ақ ноутбук, Ресей байланыс операторларына тиесілі 11 SIM-карта және шетелдік қаржы ұйымдарының банктік карталары тәркіленген.

Алдын ала есептеу бойынша, куратор қылмыстық әрекет барысында шамамен 10 миллион теңге табыс тапқан, ал оның сыбайластарының әрқайсысы 3 миллион теңге иемденген.
Қылмыстық схемаға қатысы бар барлық тұлға ұсталып, Алматы облыстық полиция департаментіне жеткізілді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, интернет алаяқтарға құрбандық тауып беретін дропперлерге қылмыстық жаза күшейтіледі.