Алматы облысында 309 тонна құлпынай мен 15 мың тоннадан астам қарбыз жиналды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы облысында жидек пен бақша дақылдарын жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Ауа райының қолайлығы мен фермерлердің тиімді агротехникалық тәсілдерді қолдануы жоғары өнім алуға мүмкіндік берді.

қарбыз
Фото: ҚР АШМ

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, құлпынай биыл үш ауданда 61 гектар алқапта өсірілген. Жалпы жиналған өнім көлемі – 309 тонна. Оның басым бөлігі Еңбекшіқазақ ауданына (170 т) тиесілі. Одан кейін Талғар (74 т) және Қарасай (65 т) аудандары орналасқан. Орташа өнімділік гектарына 50,7 центнерді құрады.

Бақша дақылдарының ішінде қарбыздан жоғары өнім жиналды. 700 гектар жерден 15,7 мың тонна өнім алынды. Бұл әр гектардан орта есеппен 234 центнер тәтті өнім алынғанын көрсетеді.

– Биыл фермерлер жақсы нәтиже көрсетті. Жергілікті өнімге сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Біздің басты міндетіміз – нарықты сапалы және жаңа піскен өніммен қамтамасыз ету, – деді Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Төкпеисов.

Агроөнеркәсіптік кешен өңір үшін негізгі басымдықтардың бірі саналады. Облыста ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері — субсидиялар, жеңілдетілген несиелер және инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. Бұл шаралар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға сеп болмақ.

Айта кетейік, Келесте алғашқы қарбыздар сатылымға шықты.

Соңғы жаңалықтар