Алматы облысында 58 келіден астам марихуана тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысында «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерімен бірлесіп, есірткінің ірі заңсыз тасымал арнасын анықтады. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы — Бішкек» автожолының 58-шақырымында облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Жамбыл ауданы полиция басқармасының және патрульдік полиция батальонының күшімен Toyota Camry автокөлігі тоқтатылды. Көлікті тексеру кезінде жүксалғышынан қара полиэтилен қаптарға оралған үш полимер қап табылды. Оның ішінен ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес зат шықты.
Сараптама қорытындысы бойынша бұл — кептірілген марихуана екені анықталды.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 58 келі 560 грамм. Аталған дерек бойынша есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 55 жастағы күдіктіге бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу санкцияланып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау және тарату ауыр қылмыс болып саналады және қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
Айта кетелік СҚО-да биыл есірткі саудасымен ұсталғандардың дені 25 жасқа дейінгі жастар екенін жазған едік.