Алматы облысында 72,9 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жыл басынан қазірге дейін жалпы аумағы 72,9 мың гектар болатын, 257 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Алматы облысы әкімдігі жер заңнамасын бұза отырып берілген және пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару жұмысын жалғастырып жатыр.
Жалпы, өңірде пайдаланылмай жатқан жерлердің жалпы алаңы 345,1 мың гектар.
«Жыл басынан қазірге дейін мемлекет меншігіне 72,9 мың гектар қайтарылды. Оның ішінде 41,6 мың гектар алқап меншік иелерінің өз еркімен қайтарылса, 31,3 мың гектар сот шешімімен заңсыз деп танылып, үлгілік жалдау шарттарының күші жойылды. Жыл соңына дейін облыс бойынша жалпы алаңы 70 мың га болатын жерді қайтару жоспарда», — деп атап өтті облыстық әкімдіктен.
Осыған дейін сатып алу құқығынсыз 49 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген Есік көліндегі бөгет Алматы облысының коммуналдық меншікке қайтарылғаны туралы жазған болатынбыз.