Алматы облысында 99 га жер мемлекет меншігіне қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM - Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаменті ауданы 99 га жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұл шешім осы учаскенің мақсатты пайдаланылмауына байланысты болды. Тексеру барысында Іле ауданының аумағында жер пайдаланушының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін оның мақсатына сәйкес пайдаланбайтыны және оның орнына пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатыны анықталды.
Кәсіпорынға әкімшілік айыппұл салынды, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.
Сотқа дейінгі реттеу процесінде ЖШС пайдаланылмаған жер учаскесін мемлекеттік жер қорына өз еркімен қайтару туралы шешім қабылдады.
Осыған дейін Алматыда 72 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне мәжбүрлі түрде алынатыны туралы жаздық.