Алматыда 72 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне мәжбүрлі түрде алынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Рысқұлов даңғылын ұзарту үшін Алатау ауданындағы Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін орналасқан 72 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне мәжбүрлі түрде алынды.
Мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін алып қоюға байланысты жер телімдерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы қаулы Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының сайтында жарияланды.
«Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленсін. Меншік иелері жүгінетін орын Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Абай даңғылы, 90, 801 кеңсе»,- делінген құжатта.
Бұдан бөлек, жер телімдерінің иелеріне заңда белгіленген тәртіппен өтемақы төленетіні айтылған. Жалпы тізімге Алғабас және Теректі шағын аудандарында орналасқан 72 жер учаскесі енген. Толық тізіммен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
Бұған дейін Алматы әкімдігі Т. Рысқұлов даңғылын қала шекарасына дейін ұзату картасын көрсеткен еді.