Алматы облысында акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына тосқауыл қойылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Мемлекеттік кірістер департаменті жыл басынан бері облыс аумағында өткізілген рейдтер нәтижесінде 168 мың литр алкоголь тәркілеген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,5 пайызға жоғары.

Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, акцизделетін өнімдердің көлеңкелі айналымын болдырмау мақсатында рейдтік жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде 1 жыл ішінде 12 млн дана темекі , 168 мың литр алкоголь өнімдері және 198 тоннадан астам мұнай өнімдері тәркіленді. Бұл заңсыз әрекеттер бойынша ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес шаралар қолданылып, құжаттар сотқа жолданды. Нәтижесінде 51 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді.

- Мәселен, биыл мамыр айында Іле ауданы аумағында екі көлікпен темекі өнімдерін заңсыз тасымалдау фактісі анықталды. Экономикалық тергеу департаментімен бірлескен тексеруде жалпы құны 150 млн теңге болатын, сәйкестендіру құралдары жоқ 195 мыңнан астам қорап темекі тәркіленді. Бұл өнімдерден төленбеген акциз сомасы 62 млн теңге. Сондай-ақ, Қазцик ауылында спиртті өнімдерді заңсыз тасымалдау фактісі тіркелді. Рейд барысында көліктен жалпы құны 1,5 млн теңгеге бағаланған 2790 литр спиртті сұйықтық табылды, - деді Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті акциздерді әкімшілендіру бөлімі басшысы Айгерім Алмабай.
Еске салайық, бұған дейін шекарадан құны 87 млн теңге темекіні заңсыз алып өтпек болғандардың ұсталғанын жазғанбыз.