Алматы облысында балаларға діни дәріс заңсыз жүргізілген
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Жамбыл ауданында кәмелетке толмағандар арасында заңсыз діни оқыту дерегі анықталды.
Алматы облысы дін істері басқармасының мәліметінше, биыл 21 қазанда Ұзынағаш ауылында түскен жедел ақпаратты тексеру мақсатында ювеналдық полиция, жергілікті полиция қызметі, прокуратура, облыстық Дін істері басқармасы, сондай-ақ ішкі саясат және білім бөлімдерінің өкілдері бірлескен рейдік іс-шара жүргізген. Тексеру кезінде деструктивті діни ағымды ұстанушы А. есімді азамат жеке меншік нысанында кәмелетке толмаған балаларға араб тілі мен Құраннан заңсыз дәрістер жүргізіп келгені анықталды.
- Білім бөлімі мен мектеп әкімшіліктерінің үйлестіруімен оқиға орнына оқушылардың ата-аналары шұғыл түрде шақырылды. Жүргізілген құқықтық бағалау нәтижесінде, балаларға заңсыз діни дәріс өткізген азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 1-бөлігі 1-тармағына (діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады басқармадан.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін ата-аналарға қатысты ӘҚБтК-нің 127-бабы аясында ескерту жасалған.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» ұйымының жасырын тобы анықталды.