Алматы облысында тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» ұйымының жасырын тобы анықталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылында тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» ұйымына қатысы барлар ұсталды.
Алматы облыстық Дін істер басқармасының мәліметінше, тыйым салынған ұйымның құрамына 25 жергілікті тұрғын кірген.
Полиция қызметкерлері күдіктілердің үйлерін тінтіп шықты.
Олардан тәркіленген заттар:
- 11 смартфон;
- 93 кітап;
- 16 брошюра;
- екі дәптер;
- діни жазбалар жазылған блокнот.
Қазір тәркіленген кітаптар мен электрондық материалдар тексеріліп жатыр. Әрбір адамның тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу дәрежесі де анықталмақ.
Сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайларын тексеріп жатыр. Осы қорытындылар негізінде қатысушылардың әрекеттері тиісінше бағаланады.
Еске салайық, Алматыда 120 діни нысан жұмыс істейтіні хабарланды.